Мен жайлы: аудио подкастты не үшін бастадым?

Уақыт жылжиды. Біздер өзгереміз. Бізді өзгертетін – өмір белестерге толы. Бір белестен екіншісіне ауысқанда, ауысу барыстарында әрқашанда ойымызда күдіктер, сансыз сұрақтар болады. Сансыз сұрақтардың жауабы сан мыңдаған адамнан сұрасаң да табылмайтын сәттер бар. Барлығы бәрі сенің жүрегіңде, ішкі түйсігіңді тыңдарсың деп шығарып салады. Ал ішкі түйсігің сені қай жерден көрерін білмей дал болады. Алда кездесер қиындықтардан, маңызды сәттерде дұрыс шешім қабылдамай қалу қорқынышынан батыл қадамдар жасауға дәтің бармай, ағыспен жүзе бергің де келеді. Ал асыл армандарың ше? Өз уақыты келер, бүгін мен оны істеуге күшім жетпес деп қолыңды бір сілтей салғың да келеді.

Бүгін мен де сол бір белестердің бірінде тұрғандаймын. Сырттағы жандар менің бойымнан толассыз энергия ағысын көрсе де, болашағымнан үлкен үміт күтетінін де айтып мыңдаған мақтаулар айтса да жүрегім тыншымады. Ішімен өзімнің сондай әлсіз екенімді сезіндім, соққан желдерге төтеп бере алмайтындай қауқарсыз болып көріндім.  Себебі мен көріп тұрған жолдар белгісіздікке апаратындай: менің таңдауларым мен қаламайтын жерге апара ма деген күдік есімнен шықпады.

Ал, жарты минуттық аянышты видеолардың өзінен жүрегі ауырып, көзінен байқамай жасы шығып кететін қыздың кім екенін сізге айтпай ақ та қояйын.

Иә, иә, білемін, бұл қоғамда өзіңе сенімді болып көріну, білмесең де білемін деп айту өте сәнді. Жақсы өмір салтын ұстанатыныңды айтып, посттар жазсаң, суреттер салсаң қоғамда тіршілік етуге лайықты болып саналатындайсың. Жаңа кездесулерде өзіңе перде жасап, өзінің маңыздылығыңды көрсету сенің бағаңды арттырады.

Ал мен мойындайын, мен әлсізбін. Жаңа оқиғаларды қабылдауда, өмірден өз орнымды табуда , жанымдағы жандарды таңдауда қателесуден, жақындарыма және кездескен жандарға лайықты құрмет пен сыйластық көрсете алмаудан, үміттерді ақтамаудан шексіз, шексіз қорқамын. Бәлкім ол тірі қалу үшін берілген табиғи инстинкт болар. Білмеймін.

Мені аңқау, есеймеген адам, өз орнын әлі таппаған әлсіз, қияли қыз дей беріңіз. Мен ренжімеймін,  шын айтамын. Себебі мен өзімнің әлсіз екендігімнен, әлсіз тұстарымнан ұялуды әлдеқашан тоқтаттым. Ол әлсіздіктер керісінше өзімді өзіммен таныстыруға тағы бір қадам жасады; жан дүниеммен бір ритмде болуға көмектеседі. Жүрегім, ақылым және қолдарым аққу, шортан һәм шаяндай жан жаққа тартпайды.

Ал енді сол әлсіз тұстарды күшке айналдыру сапарына сізді де шақырғым келеді. Бұл сапар бағанадан бері айтып, басыңызды қатыратындай көңілсіз ноталарда болмайтынына уәде бергім келеді. Әрбір таңда жаңа бір аудио подкаст қосылатын болады. Әрбір подкаст қысқа да нұсқа болмақ. Әйтпесе мен подкаст жазамын деп жүргенде тағы да уақыт өтіп кетіп, мен аузымды ашып қаламын ғой! 🙂

Аудио подкаст күн шуағымен жарыса оянып, күнін жаңа идеямен, қуанышпен бастағысы келетіндерге арналады. Күніңізді әдемі, қуанышты ноталармен бастағыңыз келсе, менің аудио шоуларым таптырмас шешім болады деп үміттенемін.

 

Ізгі ниетпен және сүйіспеншілікпен

Талшын

 

Добавить комментарий