Бір ай аудио блог жазу маған не үйретті?

Армысыздар,

Бүгін –  тамаша күн. Себебі менің подкаст бастағаныма тура бір ай болды. Бір айда 16 эпизод дүниеге келді.  Сапалысы бар, аса көңілден шықпайтындары да бар ішінде. 🙂 Подкаст жұмысын үйлестіру үшін www.talshyn.com сайты жұмыс істеп жатыр, сонымен қатар Фейсбук желісінде парақшамды аштым. Жақында Вконтактідегі ескі аккаунтымды тауып алдым, енді сол жерде де ақпарат салуға тырысамын. Бір ай мен үшін үлкен мектеп болды. Себебі мен ешқашан микрофонмен бұлай ұзақ жұмыс істеп көрмеген болатынмын және ешқашан блогты осылай үздіксіз жүргізбеппін. Жеке рекордым әзірше.

Енді не үйрендім дегенге келсек:

  • Тұрақтылық дамуға алып келеді. Үздіксіз еңбек, әр апта сайын графикке сәйкес подкаст жазу дисциплинаны дамытады. Басындағы алғашқы эпизод пен соңғы 16-шы эпизодты салыстырсақ, үлкен айырмашылық көресіз деп ойлаймын (hopefully!).
  • Аудио подкаст – менің сүйікті хоббиім.  Бұл формат менің қажеттілігімді толығымен қанағаттандырады. Мен өзімнің жаным. жүрегім қалайтын шығармашылықпен айналысамын (әйтпесе менің жаным маған тыныштық бермейді, айтылмаған ойлар тұншығады). Бұл ең бастысы деп ойлаймын.
  • Аудио подкаст үшін дауыстың маңызы зор. Егер менің подкасттарымды тыңдасаңыздар, түрлі дауыстағы мені кезіктіруге болады. Тіпті кейде мені танымай қалуға болады. Соңғы эпизодтарымда өзіме керек дауыс ырғағын тапқан сияқтымын( “сияқтымын” деген сөзде үлкен интонация қойып оқыңыз). Өзімнің зерттеуім бойынша подкастқа қоңыр, сабырлы, бірқалыпты дауыс керек. Ал мен сәл эмоционалды қыз болғандықтан, көбіне сөйлемдегі соңғы сөздердің соңғы буынына екпін түсіріп, жоғары көтереді екенмін. Нәтижесінде даусым үзіліп, түсініксіз болып қалады. Мен сөйлемді нүктемен аяқтап, яғни соңғы сөздің соңғы буынын жоғары көтермей, төмен түсіріп үйреніп жүрмін. Нәтижесі жаман емес сияқты. Бұл әрине маманның ойы емес. Менің жеке пікірім. Егер сіздің арнайы қосарыңыз болса, мархабат!
  • Подкастты жазар уақытты дұрыс таңдау керек. Егер шаршап тұрсаңыз, бірақ бәрібір бүгін жазуым керек деп өзіңізді қинап жазсаңыз, соңында дұрыс емес өнім шығады. Шаршап тұрғаныңыз білініп қалады, даусыңыз “іш пістірерлік” болып кетеді. Тағы да шаршап тұрғанда подкастты жазуға көбірек уақыт кететінін атап кеткен жөн. Демалып, тынығып алғаннан кейін жақсы энергиямен жазу қажет.
  • Подкастқа айтар сөзді дайындау барысында өзіңнің жеке қабілеттеріңді естен шығармау керек. Әр адамның өз ерекшелігі, артықшылығы бар. Дәл қазір ойды жеткізуде менің сөйлеу қабілетімнен гөрі жазу қабілетім жақсырақ дамыған екен. Айтар ойларымды пунктілермен бір екі сөз арқылы ғана көрсетіп, сценарий дайындағанда, подкастты мың рет жазған болармын. Білу бір бөлек, ал жеткізу екінші әңгіме. Әлгі пункті жалғастырып әкетіп, сөйлемдерді дұрыс құрау, ыңқылдамай сөйлеу сондай қиын. Мен әлі ондай проф емеспін. Сондықтан, соңғы кезде айтар ойымның көбін қағазға түсіріп жүрмін. Сол кезде көбірек даусыма контроль жасап, айтар сөйлемдерім жайлы көп ойланбаймын. Көбіне үш сценарийге бір сағаттай уақыт кетеді.
  • Тыңдарманмен әңгімелесіп жатқандай, тікелей сөйлеу өте маңызды. Бұл енді өте қиын болды, әлі менің әлсіз тұсым. Жалғыздан жалғыз жоқ адамға сөйлеген бір түрлі ғой! Басында айнаға қарап отырып, сөйлеп көрдім. Алайда ойым көп бөліне берді. Сөйтіп айнадан алыс кеттім. Подкастты жазардан бұрын өз тыңдармандарымның бір абстракт кейпін жасап, сонымен сөйлесіп жатқандай болу маған көп көмектесе бастады. Әлі бұл бөлікті дамыту керек. Себебі мен өз подкастымның жеңіл, интерактивті әрі шынайы болғанын қалаймын. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді ғой.
  • Аудио подкаст видеоға қарағанда көп еңбек талап етпейді (әрине, салыстырмалы түрде).  Бұл маған ұнайтын тұстарының бірі. Арнайы мейкап жасамайсыз, мына жерім дұрыс болмай қалды деп видеоны мың рет түсірмейсіз, одан кейін сансыз сағаттар өңдеуге кетпейді. Әдетте жазылған аудиоларды біріктіріп, өңдеуге макс 20 мин кетеді. Әрине бұл жерде менің әр жолы музыкалық әрлеуге бас ауыртпайтыным себеп болар, бірдей музыка қолданамын. Ал аудионы жазуға әр кезде әр түрлі уақыт кетті, соңғы кезде тиімділігім артып келеді. Басында тіпті бір сағатқа дейін кеткен кездері болды, қазір шамамен 20-30 мин.
  • Қазақстан аудиториясына аудио подкасттың не екендігін үйрету керек (ал youtube желілерін бәрі біледі). Көпшілік жандар подкаст қосымшасының бар екендігі жайлы білмейді. Оларға ол жайлы үйрету, қалай жазылу керектігін әлі де көрсету қажет.  Оған байланысты мен әлі ауызға алатындай жұмыс істемедім: бір пост қана жазылды. Келесі айда оған көрнекі анимациялық видео жасауды жоспарлаудамын.
  • Менің подкастымды тапқан адамдарды ұстап қалу жүйем әлсіз. Подкастымды тауып ұнатқан адам подкастқа жазылмауы да мүмкін, біраздан кейін тіпті ұмытып кетуі де заңды. Қызығушы жандарды әлеуметтік желі және сайтым арқылы қайта подкастыма әкелу жүйесін дамыту керек. Осы айда сайтыма mailchimp арқылы емайл хабарламасын жіберу функциясын орнатамын, сол арқылы қызыққан адамдарды подкаст жайлы хабардар етіп тұрамын. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде подкастымы бөлісуден бөлек, оқырманды қызықтыратын контент маркетинг жүйемді дамытуым қажет.
  • Және осылай кете береді…

Менімен бірге болған барлық жанға мың алғыс! Келесі айды тамаша жетістіктермен қарсы алайық!

Добавить комментарий