Екі ай аудио блог жүргізу маған не үйретті?

Уау, әне-міне деп жүргенде екі ай да болды. Екі айда 28 эпизод жазылды. Осы уақыт ішінде не үйрендім деген сұраққа келсек:

  1. Дауыс – подкасттың анықтаушы күші. Ол дұрыс болмаса, барлық жұмыс босқа кетеді. Қазір мен өз даусымды тыңдаудан қорықпаймын. Бір америкалық эксперттің үнемі күліп тұрып сөйлеу туралы фокусын үйреніп, қолданып көрдім. Өте ұнады, айтатын ойым көңілді емес болса да, жымия отырып сөйлеу дауыс ырғағына динамика қосады екен. Соңғы үш-төрт эпизод – соның нәтижесі.
  2. Тұрақтылық пен шыдамдылық. Шынымды айтсам бірнеше рет подкастты жазуға ерінген кезім болды. Өзіме миллион сұрақ қойып, күмәнмен де қарап қойдым. Алайда күннің соңында өзімді қуантар істі істеу мені бақытты ете түседі, сондықтан мен үзбедім және әлі жалғасын тауып келеді. Енді тек тұрақты режиммен аптаның нақты қай күндері шығатынын анықтап, тәртіп енгізуім керек.
  3. Әлеуметтік желілер бойынша, Вконтактеде менің негізгі тыңдармандарым бар екендігі туралы ойым одан сайын нақтыланып келеді. Сондықтан сол желіде кеңеюді жоспарлаудамын. Әзірше ол жақта тіпті аудионың өзін де енгізіп жүрмін. Уақыт көрсетер. Қосылғыңыз келсе мен ВК-дамын.
  4. Өткен айдағы жоспарым бойынша, бір видео жасалды. Алайда ол жалпы танымдық сипатта болғандықтан, аса сәтті шықты деп айта алмаймын. Діттеген мақсатына жетпеді. Сондықтан подкаст қосымшасын қолдануды нақты көрсететін видеоны келесі айға тағы қалдырдым.
  5. Акцентім туралы мәселе шешіліп қалған сияқты, көп адамдар түзелгенін айтып мақтап та қояды.

Жалпы алғанда өткен екі айдағы ең көп тыңдалған эпизод:Эпизод #15. Істі соңғы күніне дейін созуды қалай доғарамыз?

Өткен бір айдың ең көп тыңдалған эпизоды: Эпизод #18. Мотивацияны арттырудың тамаша жолдары

Әзірге осы. Назарыңызға рахмет!

 

Добавить комментарий