#61. Мен түскен сэлфилеріммен есте қалғым келмейді

Cіз қалай есте қалғыңыз келеді?


Қалай есте қалғыңыз келеді? Мен өзім түскен мыңдаған селфилеріммен есте қалғым келмейді.  Келмейді олай есте қалғым.  Мен күніне жүз рет салуға болатын инста сторидің жұлдызы да болғым келмейді. Мен жанындағыларды менсінбейтін, сынағыш, тәкаппар болып та  есте қалғым келмейді . Мен қабағынан қар жаудыратын, ашуланшақ, бұлқан талқан бола қалатын қыз да болғым келмейді. Ал мен тағы да өзін ғана ойлайтын, басқалардың шаруасына бәрібір сараң да болғым келмейді.  Өзгелердің жеткен жетістігіне көз тігер,  шыдай алмайтын  қызғаншақ болып та есте қалғым келмейді. Мен өткеніне өкінетін, болашағынан қорқатын өзіне сенімсіз болып та есте қалғым келмейді. Болып жатқан оқиғаларға шағымдана беретін, барлығын өзгелерге жаба беретін әрқашан судан ақ болып та жүргім келмейді. Иә, иә, шағымдануды ғана білетін, өзі өмірінде сол жолында бір шиді де сындырмаған ақылгөй болып есте қалғым келмейді.  Мен ойын алаңын сыртынан тамашалап, ішінде  өмірінде бір рет болсын ойнап көрмеген еріншек болып та жазылғым келмейді.  Мен жүз сылтауын табатын, ойындағы істерін ертеңге қалдыра беретін ертеңшіл, шектен асқан оптимист те болғым келмейді.

Мен  бір күндік өмірім қалса да , жанындағыларды сұлулыққа, нұрға бөлейтін күн шуағы болғым келеді.  Мен жүректерге сенімділік орнататын, жақсылықтарға сендіретін жақсылықтың жаршысы болғым келеді. Мен өзімен, өз жанымен ғана күрескен, басқаларды күндемейтін , өзін басқалармен салыстырмайтын ерекше болып есте қалғым келеді. Мен басқалардан жалынын аямайтын, тоқтамас алау болып жанғым келеді. Мен өткеніне ризашылықпен қарайтын, қазіргісіне тәубе ететін, болашағынан үмітін үзбейтін, бірақ қазіргі  сәтімен өмір сүретін жан болып есте қалғым келеді. Дәл осы сәтте шынайы болғым келеді.  Мен уақытын создырмайтын, айтқанын істейтін, өз ісін жетік білетін адам болып есте қалғым келеді. Мен өзім бейжай қарай алмайтын мәселелерге кішкентай болсын қадам жасап, септігімді тигізгім келеді.  Мен сіздің езуіңіздегі күлкіңіздің себебі болғым келеді. Қане, жымиыңыз! Міне, міне, мен енді қуана қуана осы эпизодты аяқтаймын.

Добавить комментарий