#68. Ерекше эпизод

Мұны өмірден талып, көңіл күйің болмағанда тыңдашы. Жан жақтан өзіңді іздеп таппағанда, жан жағыңда мыңдаған адамдар жүрсе де, жүрегіңнің түбінде жалғыздықты сезінгенде тыңдашы. Әлем сені түсінбегенде, сен оларды түсінбегенде, өзіңмен өзің ойға батқанда тыңдашы. Неліктен өмір сүремін, өмірдің мәні не деп жан жаққа ойың тарағанда тыңдашы мұны. Қай жаққа қарасаң да қараңғылықты көргенде, тоқтаусыз, бітпес сәтсіздіктердің куәгері болғанда тыңдашы мұны. Тыңдашы мұны, өтінемін.

 

Сен бітпес жарықтардың тоғысқан нүктесісің. Сен әлемнің ерекше нүктесісің. Сен дүниеге келгенде әлем қуанған. Сенің іңгәлаған үнің әлемді қуантқан. Тағы бір бітпес жарықтың сәулесі келгені бүкіл әлемді бір дір еткізген. Сенің даусың толқындап таралып, жердің әрбір бұрышына жеткен. Әлемді сұлу ететін, жан жағын жақсылыққа толтыратын әлемнің тағы бір келесі үміті келді. Тағы бір үміт, бір сенім.

 

Иә, иә, бір үмітімін, бірақ мен кіммін, әлемнің қандай үмітін ақтауым керек деген сұрақ келген болар басыңа. Әлемінің бір үміті. Жан жағын нұрландыратын, өзі тұрған жеріне жақсылықтың, мейірімділіктің, жанашырлықтың бастамасын жеміс ағашындай салатын, оны суғарып, гүлдендіретін, келесі ұрпаққа тапсыратын бір үміті: ол сенсің!

 

Әлем сені, сен оларды түсінбеуің мүмкін. Бір тілде сөйлесең да, әртүрлі сөздерді қолданып жатқандай әсерде болуың мүмкін. Ол қалыпты жағдай. Оларды түсінбеймін деп қолыңды көтеріп, қашып кетсең де болады. Ешкім сені тоқтатпайды. Бірақ жеңімпаздар ешқашан олай жасамайды. Әлемнің келесі жарқын үміті жасырынып, өзін ынжық етіп көрсетпеуі керек. Тілін тап, әрбір адамның өткен өміріне назар сал, олар сен ойламаған жағдайлардан өтуі мүмкін, түсінуге тырыс. Сен әрқашан өзің жасаған келіссөздердің нәтижесісің. Өзіңнің ойыңды анық жеткіз, ойыңды түрлі жолдармен жеткіз, айтар сөздеріңді өзгерт, сол адамның тілінде сөйлес. Қазақ тілі біреу ғана, бірақ әрбір қазақтың өзіндік тілі мен түсінігі бар. Қарым қатынастың қыр сырларын үйрен, шебері бол.

 

Жүрегіңнің түбінде өзіңді жалғыз сезінесің бе? Жалғыздық – әдетте біз өзіміз жасап алған қақпан. Ешкім оны таңдап алмайды, бірақ уақыт өте келе оның өміріңнің бір бөлігіне айналып кеткенін байқамай қаласың, өмір сүру, ойлану салтыңа айналады.  Егер сен әлемнің жарқын бір үміті болсаң, сен сондай жалғызсың деген сөз емес. Біз барлығымыз кішкентай шоқжұлдыздармыз. Бірігіп, бірігіп, үлкен жүйеге айналамыз. Ендеше сондай шоқжұлдыздарды табуға саған не кедергі? Егер басқа жарықтарға өзің бірінші болып барсаң, олар саған есікті тарс жабады деп ойлайсың ба? Егер басқа жарықтарға өзіңнің жалыныңнан да сәл қосып берсең, өшемін деп ойлайсың ба? Жарыққа жарық қосылса, керісінше олар жарқырай түседі. Өзіңе ұқсайтын, сенің құндылықтарыңды бөлісісетін жандарды ізде! Олар болуы мүмкін жерлердің тізімін жаса! Әрбір сәтте осы шақпен өмір сүр, жан жағыңа назар аудар! Бүгін таппасаң, ертең табасың! Олар міндетті түрде табылады, олар бар! Бірігіп әлемді бірге сұлуландыр!

 

Жануын жанып жатырмын, бірақ әлемге қарашы дейсің бе? Әлем өмір сүруге қолайсыз, ауасы бар болса да, тұншықтырып, жаныңды дәл қазір алып алатындай үрейлендіре ме? Ғаламшарымызды ластайтын, оны ластауды қалыпты жағдайдай қабылдататындарға назың бар ма? Менің де…  Менің де оған қарсылығым бар. Әрқайсымыз әлемді жақсылыққа итермелейтін күшке ие болып дүниеге келсек те, кейбіреулер басқа жолды таңдауы мүмкін. Біреу оны біліп әдейі, кейбірі білмей қабылдауы мүмкін. Ал сен ішіңде оларға деген қарсылықты сезінсең, көнгіш болып, отырған жеріңде отыруға, көзіңді жұмуыңа құқығың жоқ! Бұл сен оларға жұдырыңды ала жүгіріп, ашу ызамен барлығын жермен жексен ету деген сөз емес! Әйтпесе, сенің олардан еш айырмаң болмайды. Өзіңнің ісіңмен үлгі бол! Ерен еңбек ет, жұмысыңа саналы түрде қара, өзіңнен баста! Жиырма бірінші ғасыр адамзат тарихында болмаған ең тамаша дәуір, ешқандай істе шекара жоқ! Сен әлемнің азаматысың, өзіңді кез келген істе көрсете аласың, жетістікке жете аласың. Қалауын тапсаң қар да жанады! Жанбайтын қар да жанады! Түсінесің бе, жарық? Басқаларға бәрін жауып, әлемнің жаман, саған қарсы екендігін айтып, өміріңнің соңғы күніне дейін жылай аласың, немесе барлығын өз қолыңа алып нағыз еңбектің, нағыз адамның, жарықтың қандай болатынын көрсете аласың. Сенемін саған!

 

Өзімнің қандай істе сәтті болатынымды білмеймін дейсің бе? Адасып кеткендей боламын дейсің бе? Ол қалыпты жағдай, ешкім өзінің қандай істе жетістікке жететінін біліп тумайды, ол туралы арнайы хабарлама да келмейді. Алайда өмір сүре отырып, түрлі белгілерге назар аудар! Қай істе жүрегің ешнәрсені ойламай, беріліп, тапжылмайды? ОЛ жүрегіңнің қалауы болуы мүмкін.  Жан жағыңдағылардан қандай істерің үшін көп мақтау естисің? Ол сенің мықты тұсың болуы мүмкін. Қоғамдағы қандай мәселелер сені әрқашан ойландырады? ОЛ сені қозғаушы күш болуы мүмкін! Істі баста, бар мүмкіндігіңді, потенциалыңды қолдан, өзінің мықты нұсқаңды жаса! Таңдауларың үшін қорықпа, егер ол іс сенікі болмаса бәрбір сезесің! Өмірлік сапарымыз қысқа болса да, әр істе өзіңді көруге ешкім кедергі емес! Сондықтан қорықпа, нұрлы жарық!

 

Көңіл күйіңді көтере алмай отырсың ба әлі?! Көтер қане көңіл күйіңді! Егер бұл әлемде басқа ештеңені өзгерте алмасаң да, бірақ нәрсеге сенің шексіз уәкілетің жүреді. ОЛ сенің басың. Миллиондаған жайлар өтіп жатады, бірақ сен ғана оған қалай қарау керек екендігін шешесің! Әрбір жағдайға күлесің бе, жылайсың ба ол сенің шешімің. Егер дәл қазір көңіл күйіңнің түскені саған ұнамаса,  бұл керексіз ойларды лақтыр қане! Басыңды өзіңе пайдасы жоқ уайымдармен толтыруды тоқтатамын деп уәде бер! Көңілсіздіктің неден пайда болғанын, себебін анықта! Өзің қаламайтын нәтижелердің алдын ал, қолыңнан келгенін жаса! Сәттілік батылдарды, өзіне не керек екенін білетіндерді жақсы көреді! Бәрі сенің кішкентай қолдарыңда! Кішкентай қолдарыңда!

 

Дәл бүгіннен бастап өзің кейін өкінбестей өмір сүр! Әрбір минуттағы істеріміз, әрбір күндегі істеріміз біздің кім екендігімізді анықтайды. Бес, Он, жиырма жылдан кейінгі өзіңе сыйлық жаса! Ол ұялмайтын, ол қанағатттанатындай, ол орнында тыныш тұра алмай шаттанатындай өмір сүр! Сенің қолыңнан келеді, нұрлы, сұлу жарық!

Шексіз махаббатпен Талшын

 

Добавить комментарий