#70. Мен – қазақ. Қазақпын деп мақтанамын

Мерейтойлық эпизод ерекше болсын деп ойладық. Сөйтіп сіздерге патриоттық эпизодты жолдаймыз. Тыңдап болғаннан кейін өмірге құлшыныстарыңыз артып, ерекше жанға айналып кетесіз деп үміттенеміз. Егер эпизод ұнаса, достарыңызбен бөлісуді ұмытпаңыз.

 


Мен өмір бойы мектепте, университетте “Мен қазақпын, мың өліп мың тірілген” деген жаттанды өлеңдермен, ұрандатып өмір сүрдім. Біреулер тіл, жер деге кезде ешқашан ештеңе ойламайтынмын. Біреудің көңілсіз ноталармен бастаған әңгімелерін естігенде ұйықтап қалатынмын. Кейін Америкада оқуда жүрген сәттерімде кейде өзімнің қазақ екенімді айтуға ұялатынмын. Білемін, осы жерде мені жерден алып жерге салғыңыз келген болар. Түсініңіз мені, ол жақтада біздің кім екенімізді білмейді. Бар елестетіні Бораттың ар жақ бер жағы ғана. Мақтанып айтайын десем, аузыма да ештеңе түспейтін. Азияттықтарға да , европалықтарға ұқсамайтынымызды байқайтынмын.  Сосын әлем азаматы деген ұғым бар ғой. Міне, міне, мен солмын деп ойлайтынмын. Жақсылап тұрып, дикцияммен жұмыс істеп, менің қай елден екенімді ешкім байқамай қалатын. Алайда уақыт өте өзімнің тұлғалық дағдарысқа ұшырағанымды байқадым. Ағылшынша айдентити крайзис! Өзіңнің кім екенііңді, немен айналысатыныңды , өзіңді өмірден тапқың келеді. Сол кезде барлық сұрақтың жауабы өзіңнің тамырыңды, түбіңді зерттеуден басталады. Мен- осы уақытқа дейінгі тарихи жиналған тәжірибелердің жинағымын. Мен- менің ата-әжем, әке шешем істеген істердің жалғасымын, солар қалыптастырған әдеттердің иесімін. Менің мінезім – мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан, болған оқиғалардан бастау алып, қазіргі заманмен ұштасқан. Менің бойыма сінірген әдет-ғұрыптар, мен сенетін наным-сенімдер мен тиымдар, мен айтатын ойлар, мақалдар сол бұрынғылар қалыптастырған жолдардан туындаған. Мен табалдырықты басып тұрмаймын, мен түнде тырнағымды алмаймын, мен қолымды желкеме қойып жатпаймын. Мен ұят болмасын деген сөзден қорқамын, мен үлкен адамнан бұрын асқа қолымды бірінші болып қолымды созбаймын.  Мен менен екі жүз, бес жүз  жыл бұрын ойлап табылған ертегілермен сусындағанмын, соны тыңдап тәтті ұйқыға кететінмін. Яғни, мен қанша қашсам да, бәрібір қазақтықтан құтыла алмаймын Себебі қазақ деген ол мен, ОЛ менің бір бөөлігім емес, ол – тұтас мен!

 

Міне осы сәттерден бастап менің өмірімде, түсінігімде өзгерістер пайда болды. Мен өткен тарихқа мән беретін болдым. Себебі ол оқиғалар менің кім екенімді анықтаған.

 

Мен жан жағыма бауырмалдықпен қарауды үйрете бастадым. себебі ол адамның бабасы мен менің бабам бір соғысты, қаншама қиындықты өткізген.

 

Мен жан жағыма бей жай қарамау керек екендігін түсіндім. Себебі біз бірге ғана гүлдене аламыз.

 

Мен өзіміздің индикаторымыз – тілімізді жаңғыртуымыз, жаңалап, ғасырдан ғасырға жеткізуіміз керек екендгін түсіндім. Себебі тек тіл ғана ұлттық қасиеттерді, сол тілде ғана түсіндірілетін ұғымдарды таси алады. Ол сөздерді басқа тілге аудару мүмкін емес, ол тек бізде ғана бар, бізге ғана тән! Қазақ тілін сүйейік, оның уақытпен бірге жылжып, алдыға қадам басуына леп берейік! Біздің қазақ тіліне қажетіміз жоқ, ал біздің тілге деген қажеттілігімз сондай зор!

 

Мен енді осы сәттен бастап, жай жүре бермеуіміз керек екенін түсінгендеймін. Әлем сондай тез жылжып бара жатыр. Ал бізде әлі қалғып жүрген қаншама жан бар! Енді оянып, жан жағымызға тамаша өзгерістер енгізсек қалай?!

 

Шырақ болып жанып, жан жағымызды жылулыққа толтырсақ қалай? Әркім өзінің саласын меңгеріп, мықты болса қалай? Әркім сылтуларын, елге жапқан арыздарын тоқтатып, тәуелсіз, өз өмірінің бастығына айналса қалай?

 

Өткенге мақтанып, малданып отыра  да бере алмаймыз. Өткен шақ қазіргі біздің қалыптасуына әсер етсе де, Шоқан тірілп келіп, экспедицияға шықпайды, Әлия мен Мәншүк тіріліп келіп, біз үшін соғыспайды. Алаштың ұлдары ел болуымызға әсер етсе де, дәл қазір олар біздің даму бағытымызды анықтай алмайды. Осы шақты, болашақты өзгертер күш өткенде өмір сүргендердің емес, тек біздің ғана қолымызда бар!

 

Әркім өзінен бастасын! Ақырындап  өз тілімізді, сосын өзгелердің тілін үйренейік. Өзіміздің өткенімізден сабақ алайық , болашақтың білімдерін қазірден жинайық. Бірімізді дос, бірімізді бауыр көрейік! Дәл қазір өзіңіздің сапалы қазақ жобаңызды бастаңыз. Өзіңіздің отбасыдағы Баласы, қызы, анасы, әкесі, әжесі атасы ретіндегі рөліңізді жазып шығыңыз. Сапалы қазақ болуды үйде қалай дамыта аласыз?

Енді жұмыста жұмысшы, маман, сарапшы, бастық, бір кірпіш ретіндегі  рөліңізді жазып шығыңыз. Сапалы қазақ болуды жұмыста қалай дамыта аласыз?

 

Ал сосын қоғамда,көшеде, түрлі орталардағы өз рөліңізді жазып шығыңыз. Сапалы қазақ болуды қоғамда қалай дамыта аласыз?

 

Мен үшін Сапалы қазақ – өткенін білетін, қазақтығын мақтан ететін, қазіргі заманмен сай жүретін өз ісінің маманы, ең жақсы қазақы қасиеттердің иесі.

 

Бірақ сіздің өз ойыңыз, өз пікіріңіз болуыңыз мүмкін? Сіз үшін идеалды қазақ басқаша болуы мүмкін! Өз ойыызды әлеуметтік желіде сапалықазақ хэштегі н қолдану арқылы білдіріңіз! Бірігіп, сапалы қазақтарға айналайық!

 

Мен сізді жақсы көремін!

Добавить комментарий