#72. Қазақстандағы жұқпалы ауру: Неліктен барлығы кінәлі?

Қазақстанға келгеннен өзімнің бойымнан бір жаман қасиет байқап жүрмін. Сондай жаман қасиет. Ол қасиет тек менде емес, бүкіл қаланы жаулап алғандай. Барлық ғимараттардың ішінен өрмекшінің торындай өрілген. Әрбір заттың үстінде, адамдардың киімінде, есіктің тұтқасында, шаңырақтың үстінде. Тіпті әрбір адамның екі иығына отырып алғандай! Қорқынышты! Бұл не болды екен, мен ондай жұқпалы аурудың таралып жатқанын білмеймін деген боларсыз. Иә, оны білмей қалуыңыз мүмкін. Өйткені ол аурудың түсі де, түрі де жоқ. Мен ол ауруды көрсем қазір жүрегім айниды.

Оның аты “басқалар кінәлі” деп аталады!  Біздің Қазақстанда кінәлі адам жоқ! Бізде басқалар кінәлі! Әсіресе ең жаман карманы мемлекетке, шенеуніктерге арта саламыз!

Балабақшалардағы, мектептердегі, ЖООдағы білімнің адам сенгісіз сапасыздығы. Қызмет көрсету саласының сын көтермейтін сапасы. Көшедегі қоқыстар. Демалу мүмкін емес ластанған қала. Дұрыс ем көрмеген науқастар. Дұрыс салынбаған шұрық тесік жолдар немесе жылына жүз рет ауысса да бітпейтін жолдар. Жұмысын соңына дейін жеткізбеген жұмысшылар.

Бәстесейікші, сіз “нағыз қазақ” ретінде өткен аптаның ішінде бір рет болсын, жаңағылардың бірін айтып мұңдандыңыз. Немесе өзіңіз тағы бір оқиғаны айтып, өзгелер жайлы шағымдандыңыз. Осы біздің елде неге бәрі солай деп ашуланып, жаныңыздан табылған адамға айызыңыз қанғанша, тырнақшаның ішіндегі аса ақылды “саяси, экономикалық, әлеуметтік” шолуыңызбен бөлістіңіз.

Жасырмаймын, мен де осы “басқалар кінәлі” деген аурудың шырмауындамын. Күннің бір бөлігінде сабақ оқымайтын студенттерімді бір бірлеп алып, ниетінің қалай жоқтығына шағымданамын. Соңында өзімді асқан ақылды, ал қалғандарын қандай топқа жеткізерімді білмей қаламын. Ал сосын кінәнің бәрін басқаларға артып, өзімді судан ақ қыламын. Себебі, біреудің қатесі үшін неге мен жауап беруім керек деп ойлаймын. Маған солай істеген оңай. Бір артық қағазды толтыруды тапсырған кезде “осы Қазақстанда ақ бәрі солай екен” деп шағынданамын, ал жаздырып жатқан адам “Бізде бәрі солай” дейді. Мен үндемеген қалпы толтырамын да кетемін. Маған солай істеген оңай.

Бір күні мен сол оқиғалар туралы айтқаннан, басқалардың проблемасымен бөліскененнен ләззат алатынымды байқадым. Бар күшіммен, энергияммен талқылағанымды көрсеңіз ғой! Сол кезде менің ұстазым “Талшын, проблеманы бірінші өзіңнен ізде” деді.

Стоп! Талшын! Тоқта, Талшын! Тоқта, әлем! Тоқта, Қазақстан! Бұлай еліміздің әрбір бұрыншындағы проблеманы бір бірімізге жарысып айтқанша, кішкентай болсын бір соны өзгертер іс неге істемеске? Неге?  Иә, білемін. Өз ісіне жауап бермейтін қанша адам бар? Бірақ олардың солай істеуіне жол беретін кім? Кім болушы еді? Біз әрине! Өзімізге жауапкершілік алатын кез келді! Барлық адамдарды, мемлекетті, түрлі ұйымдарға жала жабуды тоқтатайық! Кінәліні іздеу және табу бізге эмоциялық сотты, әділеттілік орнатса да, ары қарай әр істің дұрыс жүруіне әсер ете ме?

Сіз өзіңіз күнде кездесетін проблемаға қарсы, оны шешетін кішкентай болсын бір іс істедіңіз бе? Сіздің қадамыңыздан бір адам болсын өзінің жүгінен айырылды ма?

Бернард Шоудың сөзі “ Адамдар әрқашан өздерінің тағдыры үшін болған оқиғаларды кінәлайды. Мен оқиғаларға сенбеймін. Бұл әлемде сәттілік жететін адамдар орнынан тұрып, өздері қалайтын оқиғаларды, өзгерістерді іздейді. Егер таппаса олар оны өз қолдарымен тұрғызады.”

Кінәлауды тоқтатайық! Дәл қазіргі сәттен бастап, өзіңіздің біреуді кінәлап жатқаныңызды байқасаңыз да, дереу үндемей қалыңыз. Осы оқиғаны қалай өзгертуге болатыны туралы ойлануды бастайық! Біздің осы әлемдегі өміріміз өзіміздің қолымызда! Кінәлау оңай, кінәлаушы агент болу оңай! Өзіңіз қалаған өзгерістің шешімі болу қиын. Бірақ оны шешуден кейін пайда болатын сезімге ештеңе жетпейді.

Добавить комментарий