Мен және оқытушылық: блогымның жаңа бөлімі

Менің есімім Талшын . Менің жасым 25-те. Мен өзімнің өмірімді білім саласына арнағым келеді.

Жылдың басында мен өзімнің кім екенімді, не үшін өмірге келгенімді білгім келетін. Сондықтан өзімнің жанымның бір бөлімі ретінде қазақ тілінде подкаст жазуды бастадым. Он ай бұрын… Мен еліміздің және шетелдегі белді білім ордасының жаңа бітіріп жатқан түлегі болдым. Барлық мені кезіктірген жандар маған қолдарын бұлғап, менің болашағымның зор болатынын айтып, мені сендіретін. Бірақ ішімде тыныштық болмады. Жанымдағы адамдардан алшақтадым, жақындарыммен де жүрегіммен бірге жақын болдым деп айта алмаймын. Сіңлім менің өзгергенімді айтып мұңайды. Достарым мені күнделікті өмірде таппады. Мен түсініп қолдағандар да, өкпелеп кетіп қалғандар да болды.  Ал мен өзімнің осы жасқа дейін өзімді таппағаныма налыдым.  Таңертең ұйқыдан ояну сондай қиын болатын. Себебі келесі таңның не үшін ататынын түсінбейтінмін.

Дегенмен 2017 жылы оқиғаларға толы болды. Өзімді қинадым, әбігерге салдым. Университетте жұмыс істедім. “Бұл менікі емес” деп шықтым да, немістік компанияда да жұмыс істеп келдім.

Кейін тағдырдың қалауымен қайтадан оқу ордасына қайтып оралдым. Дәл қазір қазанның соңғы күндері университетте отырып, осы сөздерді теріп отырмын. Соңғы күндері өзімің білім саласында қалатыныма сондай сенімдімін. Жап жас қызға студенттерді оқытуға беріп қойғаны несі деп сынмен қарайтындар да баршылық. Түсінемін, өзін кеше ғана таппай жүгіріп жүрген қызға кім сенсін?!

Бірақ менің ойым ешқашан болмағандай анық. Басымдағы тұманды, түсініксіз аласапыранның бәрі басылған. Бәрі өз орнына келген сияқты. Күмәндар жанымды жегідей жемейді.  Жүрегім өзінің орнында. Мен қайтадан дүниеге келдім.

Берілген 400 сағат нақты сабақтан кейін, 230 студентпен жұмыс істегеннен кейін маған білім саласының қаншалықты жақын екенін түсіндім. Мен бір күнде студенттермен жұмыс істемей, олардың дамуына үлес қосусыз елестете алмаймын. Мен үшін лекцияларым өтетін бөлмелер – менің сахнам. Менің өнерім адам жаны мен санасымен байланысты. Сабаққа дейін ұзақ репетицияларым тағы бар. Мен сабағымда саналы білім алу мен дәл қазіргі сәтпен өмір сүруге шақырамын. Кей сәттері ресми рұқсат етілген 50 минуттан кейін емес,  шаршаған

 кезімізде терең демалып, жан жағымызға назар аударуға шақырамын. Себебі біз бәріміз бірге сабақ оқып жатқанда өмір де жылжып бара жатыр.

Олармен бірге мен де кәсіби және дәрежеде өсудемін, өзімнің стереотиптерімді бұзудамын. Өзім кездесемін деп ойламаған жайттармен қақтығысудамын.

Бұл блог менің білім беру саласындағы ойларым мен тәжірибеме арналатын болады. Блогтың біраз бөлімін сабақты қызығырақ өткізуге болатын әдістерге арнамақшымын.  Блог білім саласыда қызмет ететін әріптес жастарға және қазақ тілді оқытушыларға арналмақ. Егер сізге қызық болса төменде электронды поштаңызды қалдырып кетіңіз. Мен білімге, оқытушылыққа байланысты жазбам шыққанда сізге хабарлап отырамын.

Әрине, мен де жас білім саласы маманы болғандықтан, сізден де үйренерім мол. Ұсынысыңыз болса немесе қонақ-жазба қалдырғыңыз келсе salem@talshyn.com-ға жіберуіңізді сұраймын.

Добавить комментарий