#76. 12 апталық жыл – биылғы жылғы менің таңдауым

Кейде апталап бітпеген істі жылдам бір екі күн ішінде бітіре алатын қасиетіңізді байқадыңыз ба? Немесе студент кезімізде семестр бойы түсінбеген кейбір дүниелерді өте қысқа уақытта тез түсініп кететін сәттеріміз де аз болмады.

Биылғы жылды ерекше бір кітаппен бастадым. “12 апталық жыл” кітабы! Осыған дейін бұл кітапты жақын досым өзінің менторынан кеңес ретінде алғанынын, өмірді оң жаққа қарай өзгертер тамаша кітап екендігі туралы баса айтқан болатын. Сонымен бірге өткен жылғы тамаша жылдың бәрі жақсы басталып, кейін жылдың соңында сәл босаңсып, басқа жаққа қарай ауып бара жатқанымды байқадым. Мәселенің көбі жылдың ұзақтығына, осы айда істемесем келесі айда істеймін деген идеядан пайда болып жатқанын байқадым. Жылдың ұзақтығы маған артықшылық берсе де, оның ұзақтығы мені баяуырақ қимылдатқандай болды.

Ал 12 апталық жыл керісінше қысқа уақыттың ішінде көбірек істеуге мүмкіндік береді. Әр 12 аптаны бір жыл ретінде елестетіп аламыз да, әр аптаға өзіміздің мақсаттарымызды қоямыз. Әрбір он екі аптаға қойылған мақсаттарды ұсақ бөліктерге бөліп алып, күнделікті өмірде іске асыруға тырысамыз.

Басты үш  идеясы:

  • Болашақта көргіңіз келетін нәтижелерді, өз өміріңіздің болашақ көрінісін жазыңыз. 12 апталық мақсаттарыңызды өзіңіз қалаған бағыттар бойынша анықтаңыз. Мәселен, он екі аптадан кейін сатылым деңгейін жиырма бес пайызға арттырамын. Блогыма жиырма бес эпизод жазамын. Он километрді қырық бес минутта оңай жүгіретін боламын. Мақсаттарды анықтап болған соң, өзіңіз үшін неліктен осы мақсаттарды орындаймын деген сұраққа жауап беріп көріңіз. Себепті анықтау кейін мотивацияңызды жоғалтпауға көмектесетін болады.
  • Сол болашаққа сізді қандай істер, қадамдар және стратегиялар жақындататынын анықтап, жоспарлаңыз
  • Өзіңізге баға беріңіз. Өмірде біз күтпейтін оқиғалар көп. Бірақ қайта айналып келіп, жоспардың қалай жүріп жатқанын бағалау қажет. Он екі апталық мақсаттарыңызға қарай қаншалықты қозғалып келе жатқаныңызды бағалаңыз. Жаңа аптаға жоспар жасаңыз. Басты мақсаттарыңызды  еске түсіріп, соған қарай қозғалып келе жатқаныңызды бағалаңыз.

___________________________________________________

Есте болу керек тұстары:

  • Жұмыс айлар немесе жылдар бойынша емес,  әр күн сайын, әр апта сайын орындалады.
  • Өміріміздің белгілі бір бөлігіне арнайы көңіл аудару арқылы бірнеше айдың ішінде жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз.
  • 12 апталық жоспарды жасау үшін неге сұрағына жауап беретін үлкен мақсат керек.
  • Жазылған жоспар болу керек. Бұл жоспарда істелінетін шаралар мен істер көрсетіледі.
  • 90 пайыз нәтижеге алып келетін 10 пайыз істерді табу қажет
  • Жасалынатын істердің жоспары күнделікті компас қызметінде қолданылады
  • Нәтижелерді күнделікті өлшеу және таза баға беру. Арнайы фокус істің істелінген немесе істелінбегендігіне мән беріледі
  • 12 апталық  жоспарға қайта оралып отыру. Аптаның басы мен соңында, өзіңіздің қалауыңыз бойынша күннің басы мен аяғында көзге елестетіп отыру
  • Кілт шаралар: өзіңіз қалаған нәтижелерді тікелей тудыратын негізгі шаралар
  • Сезіміңізге емес, берген серттеріңе байланысты әрекет етіңіз: он екі апталық мақсаттарыңыздың ішіне нені кіргіздіңіз, соны орындаңыз. Біраз уақыттан кейін сізге бәрі мәнсіз, қызықсыз болып көрінуі мүмкін, сонда да тоқтамаңыз.
  • Осы сәтте өмір сүріңіз: не істеп жатсаңыз, сол сәтте өмір сүріңіз. Бір затты істеп отырып, екіншісіне ой бөлуді минималдау керек.
  • Мақсаттарыңызды кейінге қалдыра бермей, өміріңіздің он екі апталық жобасын бастаңыз.
  • Ең бастысы – нәтижелерді тудыратын шаралар қабылданды ма?

Жоспарлану керек 3 блок

 

  • Стратегиялық – 3 сағатқа созылатын стратегиялық шешімдер блогі (электронды почта, қоңырау шалулар, он екі апталық жоспарға қатысы жоқ басқа да шаралар қосылмайды ) Он екі апталық мақсатқа қалай тиімді қол жеткізуге болады?
  • Буфер блогі – 30-60 минутқа созылатын электронды хаттарға жауап беру сияқты істерге бөлінетін және аз өнімділік алып келетін, құны төмен шаралардың жиынтығы.

 

  1. Демалыс блогі – 100% жұмыс істелінбейтін шамамен 3 сағатқа созылатын демалыс уақыты.

Бұл айтылған блоктар алдын ала жоспарлануы қажет және өз мақсатына сәйкес қолдалынылуы керек.

Weekly Accounting Meetings (WAM) – Апталық есеп беру кездесулері. Өзіңіздің достарыңыздан немесе сенімді адамдардан максимум үш төрт адамнан тұратын топ құру. Әр жексенбі немесе дүйсенбі күн бір біріңізге есеп беру.

Жылдық ойланудан қашып, он екі апталық ойлау жүйесіне өтіп көріңіз! Қысқа уақыт ішінде өзіңізді қамшылап, жылдар бойы артқа шегерген тамаша жылды сүру уақыты келді! Барлық стереотиптерді алып тастап, өміріңіздің он екі апталық жобасын бастап көріңізші! Сәттілік!

Ресурстар: Брайан Моран мен Майкл Леннингтонның  “12 апталық жыл” кітабы

One Reply to “#76. 12 апталық жыл – биылғы жылғы менің таңдауым”

  1. Керемет! Қатты ұнады, подкастарыңды жалғастыра бер.

Добавить комментарий