#77. Кайдзен: Кішкентай өзгерістер биік нәтижелер тудырады

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін американдық менеджерлерді Жапонияға көшуге және Жапон өнеркәсібін қайта құруға көмектесу үшін шақырды. Солардың ішінде американдық менеджер Уиллиам Дэминг те болды.

1950 жылдары ол шығындарын азайтып, өнімнің сапасын жақсартқысы келетін өнім шығарушылармен жұмыс істеді. Дэминг сапаны жақсарту арқылы қателіктер азаяды, өнімділік артып, өнімге кететін шығындарды азайтуға болады деп сенді. Сол арқылы біртіндеп компанияның құны да өсе түседі деген сенімде болды.

Дэминг тағы да идеалды процес дегеннің болмайтынына сенді, барлық процестерді әрқашан жақсартуға болады деген тұжырымды ұстанды. Өнімді жасауды үздіксіз жақсартып отыру керек. Бұл және басқа да философиялар арқылы Жапония экономикасы біртіндеп жандана бастады.

Үздіксіз даму философиясы “кайдзен” деп аталады. Жапон тілінен аударсақ, “жақсарту” деген мағынаны білдіреді. Тойота компаниясы бұл философияны алғашқылардың бірі ретінде енгізді, және олардың сәтті жұмыс істеуіне ерекше әсер етті. Ең қызығы, Тойотаның жұмысшылары жылына 1,000,000-ға жуық жақсарту идеяларын ұсынады екен және оның 90%-ы өндіріске енгізіледі.

Кайдзенді өндірісте ғана емес, жеке өмірімізде де қолдана аламыз. Бұл концепция күнделікті өміріміздің сапасын арттыру, әдеттерімізді жақсарту бағытында бізге көп нәрсе үйрете алады.

Аз ғана уақыттың ішінде өте үлкен өзгерістер жасаудың орнына әр күні кішкентай өзгерістер жасап, өзіміз қалаған деңгейге жете аламыз. Әр күні өзіңіз жақсартқыңыз келген істе 1% жақсара түсіңіз. Иә, жай ғана 1%.

Үлкен, аспандағы заттарды аламын дегеннен гөрі, әр күні 1%-ға жақсарамын деп мақсат қоюға қалай қарайсыз? Бір пайыз деген өте кішкентай сан болып көрінсе де, қосыла келе оның әсері мол болады. Бұл жерде айтайын дегенім бір пайызды дәл тауып орындау емес, кішкентай өзгерістерді өмірімізге бүгін енгізіп, біртіндеп үздікісіз дамып отыру.

Мәселен,  күнде сағат бесте тұрғым келеді деп айтасыз. Ертең дүйсенбіден бастап жаңа өмір бастап, бесте тұрамын. Бір апта тұрарсыз, біраздан кейін мотивация бітуі мүмкін. Одан да біртіндеп даму философиясын қолданып, сағат бесте тұрған күнге дейін күнде он минутқа ерте тұрып көрсеңіз қалай? Ақырындап ағзаңызды да үйретесіз, және ақырын жүріп мақсатыңызға да жетесіз.

Күніне он бес минут медитация жасап бастағанмын, кейін ұмытып кетіппін. Қалайша қайтадан медитация жасасам екен деп жүрсеңіз де, кайдзен әдісін қолданып, өзгерістерді біртіндеп енгізіп көрейік! Ең алдымен күніне бір минуттан медитация жасап үйренейік. Ақырындап, үздіксіз даму арқылы уақыт та қосып отырамыз.

Тағы біраз мысалдар:

Дәстүрлі ойлау жүйесі: Мен кітап жазамын.

Кайдзен: мен бүгін бір абзац жазамын.

Дәстүрлі: Мен тәтті кәмпиттерді жеуді тоқтатамын.

Кайдзен: Мен бүгін бір кәмпит аз жеймін.

Дәстүрлі: мен күнде жүз рет отырып тұру жаттығуын жасаймын.

Кайдзен: Мен бүгін он рет отырып тұрамын. Ал ертең бүгінге қарағанда он жаттығу артық жасаймын.

“Әр күні кішкентай ғана өзгеріс жасасаңыз, әйтеуір бір күні биік шыңдар да алынады. Нәтиже ертең де емес, одан кейінгі күнде де болмауы мүмкін, алайда биік мақсаттар бір күні орындалады. Жылдам орындалатын, өте үлкен өзгерістерді күтудің қажеті жоқ. Әр күні бір кішкентай өзгеріс. Бұл мақсатқа жетудің ең дұрыс жолы және нәтижесі ұзаққа созылатын ең тиімдісі.” Джон Уден

Кайдзеннің негізгі идеясы: “Сен не істеу керектігін жақсы білесің. Жұмысты баста және жұмыс барысында өзгертуге болатын ұсақ оң өзгерістерді тап”.

Кайдзен бір рет мақсатқа жетіп, одан кейін тоқтап қалу туралы да емес! Бұл үздіксіз даму процесі. Кайдзен бойынша ешқашан соңғы аялдамаға да жетпейсіз. Кайдзен концепциясы бойынша жеткен нәтижелерді сақтап қалу үшін жақсартулар мен өзгерістер бітпеуі керек. Рору Вейденше айтсақ, “Сәтті нәтижелер жеке меншік емес, ол тек жалға беріледі. Жалға берудің құнын күн сайын төлеу қажет”.  

Жеке даму ол соңғы тоқтар нүкте емес, бұл процесс. Бүгін істелініп, ертең бітіп қалмайды. Процесс ешқашан аяқталмайды. Бір күні жетемін деген ойдан да қашу керек. Сондықтан осы үздіксіз жақсарту жолындағы саяхатамызға назар аударайық. Күнделікті істерімізді істеп жатқанда осы сәтте өмір сүрейік, өзіміздің тамаша саяхатымыздан қуаныш алайық!

Өзгеріс ол мүмкін нәрсе! Біз өзімізді жақсарта аламыз. Оған уақыт пен шыдамдылық қажет! Тамшы да тама тама, жерді тесер.

Келесі кездескенше. Тақырып бойынша қосымша кітаптар мен сілтемелер сайтта тұр.

Ресурстар: Масааки Имаи.  “Кайдзен. Ключ к успеху японских компаний” кітабы.  

Роберт Маурер. Шаг за шагом к достижению цели. Метод кайдзен” кітабы

Джеймс Вумек “Үнемді өндіріс” кітабы

Добавить комментарий