#78. Әр таңды тамаша бастау: аңыз ба, әлде мүмкін бе?

Мына жағдайлар сізге қаншалықты таныс?

Оятқыштың даусы естіле бастайды, дамыл таппай әр бес минут сайын оятумен болады. Бірақ сіз сол мезетте атып тұрудың орнына, кейінірек деген батырманы басып қоясыз. Сөйтіп ол оята береді, ал сіз артқа шегерумен боласыз. Төсегіңізде артығырақ болуға мүмкіндікті ұтып алсаңыз да, сіз толығымен ұйықтап жатқан жоқсыз. Жай ғана бүгінгі күннің әлі басталмай ақ қойғанын қалап жатырсыз.

Бір кезде оятқыш ерекше дауыспен сізді оята бастайды. Бұл жолы сіздің тұрмасқа себебіңіз жоқ! Шошып атып тұрасыз, жуынасыз, киінесіз, алайда таңғы асқа уақыт жетпей қалады. Ары қарай жұмысқа немесе оқуға бет аласыз, қалың көпшілікпен кептелістердің түр түрін көресіз. Әрбір сіз тоқтаған бағдаршам, әрбір баяу кетіп бара жатқан және дұрыс бұрылмаған жүргізуші, жолдағы әрбір ғимарат: бәрі, бәрі есіңізде! Сіз тереңірек бір күрсініп, мазасызданғаннан қолыңызды, саусақтарыңызды қаттырақ жұмасыз, телефоныңызды да тексеріп, тексеріп қоясыз. Әйтеуір жүгіріп келіп, бір таңғажайып сиқырмен жұмыс/оқу бөлмесіне 5-10 минуттық кешігумен кіресіз. Есіңізді жиған соң, өз өзіңізге қарап, бұдан да дұрысырақ киімімді неге кимедім екен деп ойлап қоясыз. Қойшы жарайды, бар түрім осы дерсіз.

Қайтадан таңертеңді есіңе түсірші десе, барлығын толығымен еске түсіре бермеуіңіз мүмкін. Себебі бұл асығыс, өте стрестті, мазасыз таңертеңнің бірі ғана болатын. Сіз соңғы сағаттағы істерді еш ойсыз істеген, жай ғана зомбисіз.

Енді осының орнына басқа көріністі елестетіп көрейік. Сіз оятқышсыз оянасыз (себебі сізге оның керегі жоқ, сіз табиғи түрде өзіңіз тұра аласыз). Төсегіңізден атып тұрасыз, сәл пәл су ішесіз, жуынасыз, одан кейін білмеймін, медитация жасарсыз. Толығымен сабырлы кейіпте, таңғы асыңызды ішесіз, түнде дайындап қойған тап таза, үтіктелген киімдеріңізді киесіз, бүгінгі күні істеуіңіз керек мақсаттарыңызды талдайсыз. Жұмысқа артық уақытты жоспарлай, ертерек шығасыз. Бағдаршамның қызыл түстері, кептелістер сізді мұңайтпайды, себебі сіз сол сәттерде өзіңіздің сүйікті радиоңызды немесе подкастыңызды сәл ұзақ тыңдауға мүмкіндік аласыз. Жұмысқа жете салысымен сіз үшін маңызды істі істеуден бастайсыз, сол арқылы таңертеңнен бастап сылтауларды ысырып тастайсыз.

Әр жаңа таң сізге қуаныш алып келеді, себебі бұл сізді мақсаттарыңызға бір табан жақындататын мүмкіндік.  Қандай тамаша, иә! Мен де стресстен ада, жайлы, шуақты таңды сүргім келеді! Сондықтан келесі алты таңғы ритуалды ұсынамын.  

Әр таңда орындалуы керек алты іс:

  1. Ояна салысымен екі стакан су ішу. Су ең алдымен бізді оятады, денемізге жаңа күннің басталғаны туралы хабар береді. Ағзамыздағы зат алмасуды жақсартады. Судың маңыздылығы туралы менде арнайы эпизод та бар. Егер суды неліктен көп ішу керек екендігін білгіңіз келсе, жетінші эпизодты тыңдауыңызды өтінемін.
  2. Жылдам жаттығулар жасау. Денеңізді созатын, тартатын жаттығулар жасап көріңіз. Уақытыңызға қарай 5-10 минуттың өзі жеткілікті болуы мүмкін. Ең бастысы денемізге жаңа күннің келгендігінен хабар беру!
  3. Жуыныңыз. Оның пайдалылығын айтпай ақ қояйын, кішкентай кезіңізде анаңыз үйреткен болар.
  4. Терек тыныс алыңыз, медитация жасаңыз.
  5. Алдыға қойған мақсаттарыңызды еске түсіріңіз. Егер таңертең мақсаттарыңыз есіңізге түспей қоятынын білсеңіз, онда бір карточкаға, қағазға жазып алып, бір қарап қойыңыз. Бүгін істеуіңіз керек жоспарыңызды бір шолып өтіңіз.
  6. Ең маңызды ісіңізді істеңіз. Таңертеңнен бастап сол күн үшін өте маңызды істі бітіруден бастасаңыз, күніңізді бірден жеңіспен бастағайсыз. Ең алдымен біраз жүкті түсіресіз, екіншіден жеңіс дәмі бүкіл күніңізге жақсы көңіл күй сыйлайды.

Егер осы ритуалдар сізге ұнаса, маған жазып жіберіңіз. Сіздің де таңғажайып таңды бағындырушылардың тобынан екеніңізді білу маған қуаныш сыйлайды.

Қосымша материалдар мен сілтемелер talshyn.com сайтында жазылады. Келесі кездескенше!

Ресурстар: Хэл Элрод “Магия утра. Как первый час дня определяет ваш успех” кітабы

Добавить комментарий